Үкімет 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын шығарып, 2020 жылға міндеттер қойды

Фото авторлығы: Informburo.kz

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин еліміздің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен осы жылға арналған міндеттер туралы баяндады. 

Премьер-Министр 2019 жылы Үкімет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытын, бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Nur Otan» партиясының 28 съезінде белгілеген міндеттерді орындауға және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы мен Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы міндеттерді іске асыруға бағытталған жұмысты атқарғанын атап өтті.

2019 жылдың қорытындысы бойынша халықтың нақты табысы 5,5%-ға өсті, ЖІӨ өсімі 4,5%-ды құрады. Өсімнің 85%-дан астамын шикізаттық емес салалар қамтамасыз етті. Негізгі драйверлер құрылыс – 12,9%, сауда – 7,6%, көлік – 5,1% және өнеркәсіп – 3,8% болды. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 4,4%-ды құрады, ол автомобиль жасау (63%), машиналар мен жабдықтар өндірісі (22%), фармацевтика (12%), жеңіл өнеркәсіп (14%) және сусындар өндірісі (10%) есебінен қамтамасыз етілген. Тау-кен өндіру өнеркәсібі металл кендерін өндіру көлемінің 16%-ға ұлғаюының нәтижесінде 3,7%-ға өсті.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 8,5%-ға, оның ішінде жеке инвестициялар 9,5%-ға өсті. Инфляция жоспарлы 4-6% шегінде, яғни 5,4% деңгейінде (2018 жылы – 5,3%).

Халықтың нақты табысы 5,5%-ға өсті. 2019 жылы 2,7 млн азаматтың жалақысы көбейтілді, оның ішінде бизнес арасында кең қолдау алған, ең төменгі жалақыны арттыру шаралары есебінен (42,5 мың теңгеге дейін 1,5 есе) өсті. Еңбек нарығында тұрақтылық сақталуда. Жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрады. 423 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 279 мыңы – тұрақты.

Трансферттерді қоспағанда, мемлекеттік бюджет кірістері 9 трлн 688 млрд теңгеге (жоспардың 101,2%) орындалды, бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 1,5 трлн теңгеге артық. Сыртқы сауда айналымы $97 млрд дейін өсті, оның ішінде экспорт – $60 млрд, импорт – $37 млрд құрады.

2019 жылы шамамен $25 млрд тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Экономикадағы ШОБ үлесі 29,5%-ға жетті. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 8%-ға өсті. Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Жекешелендірудің кешенді жоспары 93%-ға орындалды.

«Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру 13 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үй салуға, 4,4 мың шақырымнан астам республикалық жолды салуға және реконструкциялауға, 640 шақырымнан астам жолды пайдалануға беруге мүмкіндік берді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 53 ауылда 452 жоба іске асырылды.

«Инвестиция үшін жаһандық бәсекелестікті күшейту жағдайында Үкімет ел экономикасына инвестициялардың жаңа толқынын тартуға баса назар аударады. Біздің стратегиялық міндетіміз – негізгі капиталға салынатын инвестициялардың көлемін жыл сайын орта есеппен 15%-ға арттыру және оның деңгейін 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 30%-на дейін жеткізу (2019 жылы 18,2%)», — деді А. Мамин. 

Премьер-Министр Үкімет жұмысының негізгі басымдығы халықтың нақты табысы мен тұрмыс сапасын арттыру екенін атап өтті.

2020 жылы Үкімет 7 стратегиялық бағыт бойынша жұмысты жалғастырады, атап айтсақ: инвестицияларды тарту, өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құру, инфрақұрылымды, экспортқа бағдарланған индустрияландыруды, отын-энергетикалық және агроөнеркәсіптік кешендерін дамыту, экономиканы цифрландыруды арттыру.

Инвестициялық қызметті жандандыру үшін Үкімет 44 трлн теңге сомасына 2 мыңнан астам жобадан тұратын пул құрды. Еңбек өнімділігін бір адамға 8,2 млн теңгеге дейін арттыру жоспарлануда (2019 ж. – бір адамға 7,4 млн тг).

2020 жылы 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынатын болады. 150 мыңнан астам отбасы баспаналы болады. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жаңа стандарттарға сәйкес 190 ауылда сапалы инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша 800-ден астам жоба жүзеге асырылады.

«Сіздің тапсырмаларыңызды орындау мақсатында, Үкіметтің 2020 жылға арналған жұмысының негізгі мақсаты – экономика өсімін 4,7-5% деңгейінде қамтамасыз ету», — деді А. Мамин. 

Премьер-Министр 2020 жылы Үкіметтің алдында 430 мың жаңа жұмыс орнын құру, негізгі капиталға инвестициялар көлемін жалпы ішкі өнімнің 20% деңгейіне жеткізу; шикізаттық емес экспортты $18,6 млрд (+$3 млрд) дейін жеткізу; халықтың нақты табысын 6% (+0,5 п.т.) арттыру, экономикадағы ШОБ үлесін 30%-ға дейін жеткізу міндеттері тұрғанын атап өтті. 

«Үкімет жұмысының басымдықты бағыты – экономикалық өсімді азаматтардың өмір сүру деңгейінің нақты артуының көрсеткішіне айналдыру», — деп түйіндеді А. Мамин.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу