ҚР Ұлттық банкі жүргізіліп отырған бағам саясатына халықтың сенімін және транспаренттілігін арттырады — Е. Досаев

ҚР Үкіметінің отырысы барысында ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Е. Досаев Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2019 жылғы 15 шілдеде берген тапсырмаларын орындау шаралары туралы айтып берді.

Экономиканы қолжетімді кредиттік ресурстармен қамтамасыз ету үшін Ұлттық Банк «қарапайым заттар экономикасын» кредиттеу үшін банктерге ұзақ мерзімді қор беру механизмін жетілдіреді.

Бағдарлама бойынша бөлінетін қаражат Ұлттық Банктің ноттарын немесе басқа қаржы құралдарын сатып алу мүмкіндігісіз бекітілген бағыттар бойынша кредиттер беруге ғана пайдаланылады. Банктердің облигацияларын сатып алу әлеуетті жобалардың тізімі болған кезде ғана жүзеге асырылады, ал банктердің облигацияларын сатып алуға жаңа транштар бұрын бөлінген қаражат толық игерілгеннен кейін бөлінеді.

Ұлттық банктің басшысы кредиттеу процесін жандандыру үшін Үкімет тарапынан капиталы жеткіліксіз немесе теріс кәсіпорындарды жедел қалыпқа келтіру шараларын қабылдау маңызды екенін айтты.

Сонымен бірге, Е. Досаев Ұлттық Банк бекіткен, кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды биылғы 30 шілдеге дейін есептен шығару механизміне сәйкес банктер мен микроқаржы ұйымдары есептелген тұрақсыздық айыбы бойынша берешекті кешіруді жүзеге асыратынын хабарлады.

Банктер, микроқаржы ұйымдары және Проблемалық кредиттер қоры арасында есептен шығарылған айыппұлдар мен өсімпұлдардың бір бөлігін өтеу туралы келісім жасалған соң 20 тамызға дейін ПКҚ банктерге және микроқаржы ұйымдарына айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша кешірілген берешектің 30%-ын өтейді.

Бұдан өзге, Ұлттық Банк өзінің бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру шеңберінде есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды кешіру бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдары жүргізген рәсімдерді тексереді.

Жүйелік проблемаларды және болашақта азаматтардың берешегінің бақылаусыз өсуін шектеу мақсатында осы жылдың соңына дейін Ұлттық Банк кредиттеу субъектілерін, оның ішінде онлайн-кредиторларды, кредиттік серіктестіктерді және ломбардтарды реттеу мәселелері бойынша қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылдайды.

«Банктер мен банктік қызмет туралы заңға және Микроқаржылық ұйымдар туралы заңға 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздарға тұрақсыздық айыбын, комиссияларды және өзге де төлемдер есептеуге тыйым белгілеу бойынша түзетулер енгізіледі. Бұл түзетулерді Ұлттық Банк Парламенттің қарауына ағымдағы жылғы қыркүйекте енгізеді», — деді Е. Досаев.

Азаматтардың борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу кезінде қарыз беру кезінде қарыз алушының барлық міндеттемелері, оның төлем қабілеттілігі және әлеуметтік мәртебесі есепке алынатын болады. Мәселен, борыштық жүктеме коэффициентінің шекті мөлшерін есептеу кезінде отбасының кәмелеттік жасқа толмаған әрбір мүшесіне тиесілі ең төменгі күнкөріс мөлшері шегерілетін болады.

Оған қоса, пруденциялық реттеу шеңберінде кепілсіз тұтынушылық кредиттер беру кезіндегі банктердің меншік капиталына қойылатын талаптар күшейеді. Бұл шектен тыс кредит беру саясатының алдын алуға бағытталған.

Ұлттық Банк басшысы атап өткендей, осы жылдың екінші жартысында халықаралық стандарттар бойынша банктер активтерінің сапасын тәуелсіз бағалау жүргізіледі. Енгізілген тәуекелге бағдарланған қадағалауды және активтердің сапасын бағалауды ескере отырып, Қазақстанның банк жүйесінің дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері іске асырылатын болады.

Жүргізіліп отырған бағам саясатына халықтың және бизнестің сенімін және транспаренттілігін арттыру Ұлттық Банк жұмысының негізгі басым бағыттарының бірі.

Бұл бағытта Ұлттық Банк бірқатар шаралар кешенін қабылдады. 2019 жылғы 1 шілдеден бастап KASE Қазақстан қор биржасына сауда күнін ұзарту және қатысушылар үшін сауда-саттықтың қолжетімділігін арттыру мақсатында өтпелі валюталық сессия енгізілді. Шетел валюталарымен сауда-саттық жүргізудің жаңа режимі шетелдік қатысушылар үшін теңгемен есеп айырысулар мүмкіндігін кеңейтеді.

Валюталық интервенцияны қоса алғанда, өткен айда жасалған барлық операциялар туралы ақпарат жария етіледі, базалық мөлшерлемеге қатысты келешектегі іс-қимылдарға және ақша-кредит және валюталық саясат бағыттары туралы белгілерге қатысты бағдарлар беріледі.

Жүргізіліп отырған бағам саясатына сенімді арттыру үшін валюта нарығындағы ахуал бойынша түсіндіру жұмыстары және нарыққа кәсіби қатысушылармен және халықпен қарым-қатынас жалғасады.

Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін жақсарту үшін валюта нарығындағы квазимемлекеттік сектор компаниялары ісқимылының үйлесімін және келісімділігін арттыру шаралары қабылдануда. Шетел валютасын сатып алу көлемі ай сайын келісіледі.

 «Біз жүргізіліп отырған бағам саясатына қатысты халықтың және бизнестің сенімін және транспаренттілігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды Президент белгілеген мерзімде ұсынуға дайынбыз», — деп сөзін қорытындылады Ұлттық банк басшысы.

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу