Қазақстанда соңғы екі айда коронавируспен сырқаттанушылық 3,4 есе азайды — ҚР ДСМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды.

ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлағандай, әлемде КВИ-дің 251 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 400 мыңнан астам жағдай тіркелуде. 5 млн астам адам қайтыс болды.

ДДСҰ Еуропалық аймағының мәліметі бойынша, соңғы екі аптада 54 елдің 40 елінде аурудың өсуі байқалады.

Соңғы 14 күнде аурудың ең көп өсуі Венгрияда байқалды, онда ауру 180%-дан астам өсті, Польшада – 150%-дан астам, Австрияда – 120%-дан астам, Германияда – 90%-дан астам.

Аурудың өсуі ДДСҰ-ның Еуропалық аймағының 14 елінде, оның ішінде Израильде 54%-ға, Молдовада 16%-ға, Ұлыбританияда, Испанияда 15%-ға, Түркияда 7%-ға, Беларусь пен Қырғызстанда 3%-ға төмендеді. Қазақстанда соңғы екі аптада сырқаттану 17%-ға төмендеді.

222 елдің әлемдік рейтингіне сәйкес, Қазақстан сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша 105 орында, ал өлім-жітім көрсеткіші бойынша 101 орында.

«Бүгінгі таңда халықты тестілеуге қолжетімділік қамтамасыз етілді. Зертханалардың санын 165-ке дейін арттыру есебінен тәулігіне 126 мыңнан астам зерттеу жүргізіледі, күн сайын 60 мыңға дейін зерттеу жүргізіледі», — деді А. Цой.

КВИ-ға өткізілген тест саны бойынша Қазақстан әлемнің 222 елінен 47-ші орынға ие. Қазіргі таңда қызыл аймақта 3 өңір (Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) қалып отыр. 4 өңір – сары аймақта (Қарағанды, Ақмола облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары). Қалған 10 өңір жасыл аймақта орналасқан. Репродуктивтілік саны – 0,90.

«Жалпы, Қазақстанда соңғы екі айда сырқаттанушылық 3,4 есеге, ал өлім-жітім 4 есеге төмендеді. Республика бойынша 1 тамыздан бастап инфекциялық төсектердің қамтылу деңгейі 56%-дан 30%-ға дейін, реанимациялық төсектердің қамтылуы 45%-дан 26%-ға дейін төмендегені байқалады. Резервте 30 мыңнан астам төсек-орын бар», — деді денсаулық сақтау министрі.

Емдеуді жалғастырушылар санының азаюы бойынша оң динамика байқалады, соңғы үш айда науқастар саны 2,3 есеге азайды.

Халықты КВИ-ге қарсы вакциналау жалғасуда. А. Цой хабарлағандай, вакцинаның бірінші компонентімен 8,4 млн-нан астам адам егілді, тиісті халықты қамту 74%-ын немесе халық санының 44,8%-ын құрады, екінші компонентімен тиісті халықтың 67,8%-ын немесе халық санының 40,9%-ын қамти отырып, 7,7 млн-ға жуық адам егілді.

Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жүргізілетін 205 елдің әлемдік рейтингіне сәйкес, Қазақстан халықты КВИ-ға қарсы екі дозамен вакциналаумен қамту бойынша 105-орында тұр және халық санының 41%-ға жуығын вакциналаумен қамтуға қол жеткізді.

ТМД елдерінің ішінде Қазақстан мен Әзербайжан ғана халықты вакциналаумен қамту көрсеткішінің 40%-дан астамына қол жеткізді.

Балалардың, жүкті және бала емізетін әйелдердің коронавирус инфекциясына қарсы вакциналауға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 4 млн 230 мың доза сатып алынды, бұл 2 млн 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. Вакциналауға 12-17 жастағы балалар, жүктіліктің 16-37 аптасындағы жүкті әйелдер және босанғаннан кейін 42 күннен кейін емізетін әйелдер жатады.

«Comirnaty (Pfizer) вакцинасын сақтау ерекшеліктерін ескере отырып, 34 бірлік тоңазытқыш жабдық сатып алынып, 16 аймаққа жеткізілген. Бұдан басқа, қосымша 51 бірлік тоңазытқыш жабдық сатып алынды, оларды  ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін жеткізу жоспарланып отыр. 15 қарашаға дейін 379 мың доза көлемінде Comirnaty (Pfizer) вакцинасының бірінші партиясын жеткізу жоспарлануда», — деп хабарлады денсаулық сақтау министрі.

Әдетте балаларды вакциналау оқу орнындағы егу пункттерінде, яғни білім беру ұйымдарында жүргізілді, КВИ-ға қарсы вакциналау да ата-аналарының немесе кәмелетке толмағандардың, жасөспірімдердің өзге де заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімінен кейін білім беру ұйымдарында жүзеге асырылатын болады.

Осыған байланысты облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдіктері ақпарат және қоғамдық даму, білім, денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, қамтамасыз етуі қажет:

  • КВИ-ға қарсы вакциналау мәселесі бойынша педагогтерді, кәмелетке толмағандардың ата-аналарын немесе өзге де заңды өкілдерін хабардар ету;
  • бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді тарта отырып, КВИ-ға қарсы вакциналау мәселесі бойынша халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдіктері:

  • санитарлық ережелерге сәйкес егу пункттерін дайындауы;
  • вакцинаның бірінші партиясы түскенге дейін мұздатқыш жабдықты орнатуы;
  • вакцинаны тасымалдау, сақтау және қолдану ережелерін сақтауы;
  • медицина қызметкерлерін даярлауы тиіс.

«ҚР халқын иммундау жөніндегі консультативтік комиссияның ұсыныстарына сәйкес бұған дейін халықты ревакциналау тәсілдері баяндалды. Ревакцинация 22 қарашада 2 кезеңде басталады», — деді ведомство басшысы.

Бірінші кезекте тәуекел тобындағы адамдардың вакциналанғанын ескере отырып, тиісінше ағымдағы жылдың соңына дейін алғашқы вакциналау мерзімдерін ескере отырып, халықтың осал топтары (медициналық қызметкерлер, педагогтер, МӘМ қызметкерлері мен контингенті, жабық балалар мекемелері, әлеуетті құрылымдардың қызметкерлері) ревакциналауға жатады.

Ревакциналауға белгіленген мерзімдерді есепке алмағанда, 60 жастан асқан адамдар, сондай-ақ тексеруден өз бетінше өткен және КВИ-ға қарсы антиденелерге тестінің теріс нәтижесі бар адамдар жіберіледі.

Сәуір айында жаппай алғашқы вакциналаудың басталуын ескере отырып, алғашқы вакциналауды аяқтаған республиканың барлық азаматтары (вакциналаудың толық курсы аяқталғаннан кейін 6-9 айдан кейін) 2022 жылдың қаңтарынан бастап ревакциналауға жатады.

«Осыған байланысты екінші кезеңде бастапқы вакциналауды аяқтаған және ревакциналау мерзімі жеткен қалған азаматтар ревакциналауға жатады. Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдіктерінен а.ж. 22 қарашадан бастап тәуекел тобындағы адамдарға ревакциналау жүргізуді ұйымдастыруды, содан кейін халықтың қалған топтарын 2022 жылы ревакциналауды сұраймын», — деп түйіндеді А. Цой.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу