Қазақстанда ауылдардың сумен қамтылуын бақылауға мүмкіндік беретін интерактивті карта іске қосылды — Б. Атамқұлов

2025 жылға дейін Қазақстан халқы 100%-ға сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің бүгінгі отырысында мәлімдеді.

ҚР ИИДМ басшысының айтуынша, бұл міндет «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылады.

«2020 жылдың қорытындысында елдегі сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік деңгейі 94,1% құрады, оның ішінде: ауылдарда 90,1%, қалаларда – 97,5%. Осы жылдың соңына дейін тиісті көрсеткіш ауылдарда 91,8%, қалаларда 98% жетуі тиіс», — деді Б. Атамқұлов. 

Бүгінгі таңда өңірлерде таза суға қолжетімділік әртүрлі деңгейде. Ауыз сумен қамту деңгейі 3 өңірде: Атырау, Алматы және Қызылорда облыстарында жоғары. 

Жекелеген өңірлерінде артта қалу байқалады. Ауыл халқын ауыз сумен қамту деңгейі 4 өңірде төмен. Олар: Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары. Сумен қамтамасыз ету деңгейін артыру үшін көрсеткіштері төмен өңірлерге басым негізде қаражат бөлінеді. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасына енгізілген ауылдарға және Өңірлерді дамытудың кешенді жоспарларына енгізілген жобаларға басымдық беріледі.

Ел бойынша барлығы 6 316 ауыл бар. Оның ішінде 3 991 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталған, 403 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған.

Сумен жабдықталмаған 1 922 ауылдың мәселесін шешу үшін мынадай шаралар қабылданып жатыр.

793 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерін салу жоспарланған. 200-ден аз адам тұратын шағын ауылдарда кешенді блок-модульдер орнатылады. Биыл тағы 148 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау және халқы аз 220 ауылға кешенді блок-модуль орнату жоспарланған. Бүгінгі таңда орталық сумен жабдықтау жоспарланған 85 ауылда гидрогеологиялық жұмыстар жүргізу қажет. Кешенді блок-модуль орнату жоспарланған халқы аз 170 ауылда іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу қажет.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын уақытылы орындау мақсатында қалған 453 ауыл бойынша 2023 жылға дейін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау қажет», — деді индустрия министрі. 

Жыл сайын елдегі халық саны артуда. Тиісінше су тұтыну көлемі де ұлғаяды. Халықтың көші-қонына байланысты бүгінгі күні 50 ауылда су құбыры желілерін кеңейту қажет. Мысалы, Ақмола облысының Қараөткел ауылында іс жүзінде 18 мыңға жуық адам тұрады. Ал 2018 жылы салынған су құбырлары 8 мың адамға арналған. 

50 ауылда су құбыры желілерін кеңейту үшін бюджеттен 40 млрд теңге бөлу қажет. Әкімдіктер бұл ауылдар үшін жобалау-сметалық құжаттаманы тез арада әзірлеуі қажет.

Министрлік ауылдардың сумен жабдықталуына мониторинг жүргізу үшін интерактивті карта әзірледі. Картада әрбір ауыл бойынша қажетті ақпарат бар. Атап айтқанда: сумен жабдықтау, қаржыландыру, қаражатқа қажеттілік, халық саны, желілердің ұзындығы, тозу және тағы басқа қажетті мәліметтер. Карта интернетте ашық орналасқан. Яғни, кез келген азамат ол картадан өзін қызықтыратын ауылды көре алады. Интерактивті карта қосымша функциялармен жаңартылып жатыр. Онда халықпен кері байланыс орнату үшін су беру тұрақтылығы және көрсетілетін қызметтердің сапасы туралы ақпарат қосу шаралары қабылданып жатыр. 

«Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету тұрақты бақылауда екенін ескере отырып, әкімдіктер интерактивті картаға деректердің сапалы және уақытылы толтырылуын қамтамасыз етуі қажет», — деді Б. Атамқұлов.

Су ресурстарын ұтымды пайдалану үшін халықтың өзі суды ұқыпты пайдалануға мүдделі болуы қажет. Қолайлы өмір сүру үшін жеткілікті оңтайлы тұтыну нормасын айқындай отырып, сараланған тарифтерді енгізу қажет.

Барлық өңірлерде су тұтынуға кешенді талдау жүргізу және оның негізінде отбасына оңтайлы тұтыну нормасын айқындау керек. Бұл ауыз сумен жабдықтау өндірісіне және сарқынды суларды тазартуға жұмсалатын шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Әкімдіктер халықты сумен 100% қамтамасыз ету үшін 2023 жылға дейін жобалау-сметалық құжаттаманы сапалы әзірлеп, гидрогеологиялық жұмыстарды аяқтауы, халқы аз ауылдарда кешенді блок-модульдер орнатуды жеделдетуі қажет.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету Министрліктің басым міндеттерінің бірі.

«Су кодексіне сәйкес Министрлік елді мекендердің шекарасына дейін сумен жабдықтау жөніндегі функцияларды жүзеге асырады және топтық су құбырларын салу және қайта жаңарту бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып табылады. Қазіргі уақытта республика бойынша барлығы ұзындығы 15,5 мың километр 76 топтық су құбырлары бар, оның ішінде ұзындығы 13,4 мың километр құрайтын 39 топтық су құбыры республикалық меншікте. Олар 631 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етеді», — деді С. Брекешев.

2020 жылы Алматы, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында 3 топтық су құбыры пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 343 километр желі салынды, жалпы халық саны 124,5 мың адамды құрайтын 13 ауылдық елді мекен мен 1 қалада сумен жабдықтау қамтамасыз етілді және жақсарды.

Биыл топтық су құбырларын салу және қайта жаңарту бойынша 16 объекті іске асырылуда, оның ішінде жыл соңына дейін 8 объекті аяқталады. Бүгінгі күні 2 объект пайдалануға берілді. Бұл Преснов топтық су құбырының 2-ші кезегі және Эскулинск учаскесін көшіру жұмыстары.

Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесінде 5 ауылдық елді мекен сапалы ауыз суға қол жеткізе алады және Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды және Қызылорда облыстарында жалпы саны 203 мың адам болатын 51 ауылдық елді мекен мен 3 қалада сумен жабдықтау жақсартылады. Қалған 8 объекті бойынша 2022-2023 жылдары пайдалануға беру жоспарлануда.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 5 жыл ішінде жалпы құны 36 млрд теңге болатын 11 топтық су құбырларын салу және қайта жаңарту жоспарлануда. Соның нәтижесінде 23,3 мың адамы бар 63 ауылдық елді мекен сумен қамтамасыз етіледі және 37 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жақсартылады.

Жалпы 5 жыл ішінде шамамен 1,5 мың километр топтық су құбырлары салынып, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу