Қазақстан мен Ресей арасында қазақстандық тауарлар транзитіне шектеулерді алып тастау бойынша келіссөздер қалай жүргізілуде

Ресей Федерациясының бірқатар қазақстандық тауарының транзитіне ағымдағы тыйым салуы тауарлар транзитінің бостандығын шектей отырып, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың негізгі қағидаттарының беделін түсіреді, деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.    

РФ-ның транзитке шектеу қолдануы Қазақстанның көмір өнеркәсібінің экономикалық ахуалында теріс көрініс береді. Алдын ала есептеулер бойынша, көмір жеткізудің қысқаруынан қазақстандық көміршілердің ай сайынғы шығындары $11 млн-нан астамды құрайды. 

Шілдеде қазақстандық тарап РФ аумағы арқылы Украинаға 103,5 мың тонна көлеміндегі транзит бойынша жоспарды баяндаған, ресейлік тарап 60,2 мың тонна көлемінде квотаны мақұлдаған. Тамызда 240,8 мың тонна сұратылған, 86,5 мың тонна мақұлданған. Қыркүйекте өтінім бойынша 189,7 мың тонна болса, ресейлік тарап 86,5 мың тоннаға дейін қысқартқан. Қазанда 191,9 мың тоннаға өтінім жасалса, РФ 86,5 мың тоннаны мақұлдаған.   

Бұл ретте, тіпті осы төмендетілген көлемінің кеш алынуы украиндық сатып алушыларының қазақстандық тауарлардан бас тартуын тудырды.

Келісімшарттарда көмірді жөнелту станцияларынан сатып алу туралы сатып алушылардың міндеттемелері жиі келісіледі. Келісілген транзиттің саны туралы ақпараттың кеш  берілуі әкетуді алдын ала жоспарлауға мүмкіндік бермейді. Бұл жеткізудің мерзімін бұзушылыққа және келісімшарттан бас тартуға әкеп соқты.  

Одан басқа,  Ресей темір жолдарының вагондарды негізсіз тоқтату фактілері орын алған.

Мысалы, шілдеде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 80,4 мың тонна транзитке өтінім берген. Ресейлік тарап 55,2 мың тонна транзит көлеміне келісім берген, алайда кешірек бұл көлем үш есе азайтылған және 13,6 мың тоннаны құрған. Нәтижесінде 189 вагон «тастанды» сипатымен ресей-украина шекара асуының маңында РТЖ ААҚ-мен тоқтатылған. 

Осылайша, Қазақстан украиндық әріптестеріне шілде-қыркүйекте 340 мың тоннаға жуық өнім жеткізбеген.

Транзитті шектеуді жою мәселесі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының аясында қаралды, ол Нұр-Сұлтан қаласында ағымдағы жылы 15-16 қазанда өтті.

Келіссөздердің нәтижесі Украинаға 120 мың тонна көлемінде қазақстандық көмірді ай сайынғы жеткізудің 40%-ға өсуі болды.

Сонымен қатар, ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтқандай, «ұсынылған мөлшер қазақстандық экспорттаушылардың сұранысын толық көлемде жаппайды». 

«Қазақстандық экспорттаушылар қарашаға РТД Украинаға 200 мың тоннадан астам (204.61 мың тонна) транзитке өтінім берді. Ресей тарапы бір жақты тәртіппен экспортымызды шектеп отыр, біздің ойымызша, бұл кедергі болып табылады, - деп атап өтті ҚР СИМ басшысы. - Біз екіжақты форматта да, сондай-ақ ЕАЭО алаңында да Ресей тарапымен келіссөздерді жалғастырамыз. Еуразиялық экономикалық одақ барлық қатысушыларға тең құқылы шартқа кепілдік береді. Оның ішінде, үшінші елдерге біздің тауарлардың еркін транзитін қамтамасыз ету бар. ЕАЭО бойынша әріптестеріміздің іс-әрекеттері басқа елдермен экономикалық байланыстарға бөгет болмауы тиіс».


Анықтама: Украинаға ресей көмірін экспорттауды шектеу Ресейдің ішкі нарығында осы тауардың шамадан тыс көп болуына әкеп соқты.  Нәтижесінде ресей тұтынушылары қазақстандық көмірден бас тарта бастады. РФ-те сатылып жатқан көлемге баға елеулі төмендеді, бұл көмір өндіруші кәсіпорындардың қаржылық шығындарын тудырды. Қазақстандық  көмір өндіруші кәсіпорындардың қаржылық жағдайының нашарлауы контрагенттер мен еңбек ұжымдарының алдында міндеттемелерді орындауды кешіктіру және соның салдары ретінде әлеуметтік шиеленістің өсу тәуекелін арттырады. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу