2024 жылы Қазақстанда ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылады

Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеу бойынша ақпараттық жүйе құруды көздейді.

Функционал барлық процесті, оның ішінде инвесторлар үшін Қазақстан Республикасында қолжетімді мемлекеттік қызметтерді толық қамтуға мүмкіндік береді.

Ол көптеген процесті жеңілдетіп қана қоймай, олардың ашықтығын қамтамасыз етеді. 

«Бұл инвесторларға жан-жақты көмек көрсетуге арналған бірыңғай ақпараттық жүйе. Ол инвестицияларды тарту тиімділігін арттыру және инвестициялық жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу мақсатында құрылған. Оның басты ерекшелігі – инвестициялар тарту жүйесінің барлық қатысушысы үшін бір нүкте қамтамасыз етеді. Яғни, жүйеге негізгі мемлекеттік органдар, әкімдіктер және инвестициялық жобаларды іске асыру процесіне тартылған квазимемлекеттік сектор қосылатын болады. Осылайша, платформа процестің әртүрлі жақтарын біріктіретін орталықтандырылған хаб ретінде әрекет етеді», — деді сыртқы істер вице-министрі Назира Нұрбаева.

Платформаның басты міндеті – үш негізгі бағыт бойынша инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді және жеделдетілген өзара іс-қимылды қамтамасыз ету:

  • инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық кезеңіне онлайн мониторинг жүргізу;

  • салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің инвестицияларға өтінім беруін автоматтандыру;

  • инвесторлар тарапынан инвестициялық жобаларды іске асыруға өтінім беруді автоматтандыру.

Сонымен қатар инвесторлар мемлекеттік органдармен минималды байланыс жасай отырып, бірқатар мемлекеттік қызметті онлайн режимде ала алады. Цифрлық жоба пилоттық режимде жұмыс істейді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу