Индустрияландырудың соңғы 10 жылында машина жасау саласында өндіріс көлемі 4 есе өсті — М. Пішембаев

PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында Қазақстан Машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев Қазақстанның машина жасау саласының индустрияландыру жылдарындағы және 2020 жылдың 10 айындағы жұмыс қорытындысы туралы айтып берді.

М. Пішембаевтың айтуынша, индустрияландырудың соңғы 10 жылында машина жасау саласында өндіріс көлемі төрт есе, инвестиция 2,5 есе, экспорт көлемі 3 есе өсті.

Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру жылдарында 367 млрд теңгеге жуық сомаға 128 жоба іске асырылды, 16 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.

Индустрияландыру жылдарында жаңа шағын салалар: мұнай-газ машинасын жасау, автомобиль өнеркәсібі, теміржол машинасын жасау салалары пайда болды.

Сала жинақтаушы және қосалқы бөлшектер өндірісінен өнімнің түпкілікті түрлерін өндіруге көше бастады.

Өнімнің соңғы түрлері: тепловоздар, электровоздар, жолаушылар және жүк вагондары, жүк және жеңіл автомобильдер, автобустар, аккумуляторлар, дөңгелекті тракторлар, астық жинайтын комбайндар, құбыр арматурасы, кабель-сым өнімдері, жарықдиодты шамдар, сорғы жабдықтары, жолаушылар лифтілері.

Елімізге General Electric, General Motors, Alstom, LG, CLAAS, JAC, КАМАЗ және т. б. трансұлттық компаниялар келді.

«Осыған байланысты, жоғарыда аталған машина жасау салаларының өнімдері еліміздің ішкі нарығын қамтамасыз етіп қана қоймай, белсенді түрде экспортқа шығарыла алады. Қазір біздің кәсіпорындар өнімдерін Ресей, Қытай, Әзербайжан, Тәжікстан, БАӘ, Түрікменстан және т. б. елдерге экспорттайды», — деді Қазақстан Машина жасаушылар одағы басқармасының төрағасы.

М. Пішембаевтың айтуынша, дағдарысқа қарамастан отандық машина жасаушылар өндірісін тоқтатқан жоқ. Мәселен, 2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша отандық машина жасау өндірісі көлемінің өсуі 17%, ақшалай мәнінде 1,4 трлн теңгені құрады.

2020 жылғы 10 айда өндіріс көлемінің ұлғаюы машина жасаудың мынадай секторларында болды: автомобиль жасау — 54%-ға, темір жол машинасын жасау — 1,9 есе, ауыл шаруашылығы машинасын жасау (трактор, дестелегіш, комбайн) — 44%-ға, электротехникалық машина жасау — 3%-ға.

Бүгінгі таңда сала өнеркәсіптің күрделі әртараптандырылған сегменті бола отырып, жоғары мультипликативті тиімділікке ие, жалпы алғанда, экономиканың қалған салаларына жағымды әсер береді, бәсекеге қабілеттіліктің өсуіне және экономиканың күрделенуіне, техникалық прогреске және халықтың өмір сүру сапасының жалпы өсуіне ықпал етеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу