Үкімет басшысы Қазақстанның ЕО-мен инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі Диалогының үшінші отырысын өткізді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі Диалог алаңы аясында Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кезекті кездесу өткізді.

«Тұңғыш Президент ‒ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақ елдерімен ынтымақтастыққа оны Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықты бағыттарының бірі ретінде қарастыра отырып, зор көңіл бөледі», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы ЕО-ның Қазақстанның негізгі инвесторларының бірі әрі ірі сауда серіктесі екенін атап өтті. Биыл 6 айда Еуропалық Одақ Қазақстан экономикасына $5,4 млрд-тан астам инвестиция салды – бұл бірінші жартыжылдықтағы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағымының жартысын құрайды. А.ж. 9 ай ішінде ЕО-мен тауар айналымы $24 млрд-қа жуық болды.

Асқар Мамин Еуропалық Одақ елшілерін Қазақстанның ЕО-мен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын қолдау бойынша бұдан арғы ашық әрі белсенді диалогқа шақырды.

Еуропалық Одақ елшілері ҚР Премьер-Министріне ЕО-ның жаңа аймақтық үш жобасын таныстырды: «Орталық Азиядағы инвестициялық қызмет компоненттері», «Орталық Азияда халықаралық сауданы қолдау» және «Заңның үстемдігі мәселелері бойынша ЕО-ОА бағдарламасы».

Тараптар Қазақстандағы еуропалық компаниялардың қызметін, оның ішінде тендерлерге қатысу мүмкіндіктері мен жергілікті қамту нормаларын талқылады.

Кездесуге ҚР-дағы ЕО Өкілдігінің Басшысы Свен-Олов Карлссон, Германия, Франция, Нидерланды, Польша, Австрия, Испания, Эстония, Италия, Бельгия, Латвия, Грекия, Испания, Хорватия, Румыния, Словакия, Венгрия, Финляндия, Чехия елшілері, Португалия, Болгария өкілдері, ірі еуропалық компаниялар мен «Франция ‒ Қазақстан» СӨП басшылары қатысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу