Мемлекет басшысы Ақмола облысын дамыту жөнінде кеңес өткізді

Қазақстан Президентінің Көкшетау қаласына жұмыс сапары Ақмола облысын дамыту жөнінде кеңес өткізумен басталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелері мен облыс активінің алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегін атап өтіп, көреген көшбасшылығының арқасында еліміз әлеуметтік-экономикалық дамуда, сондай-ақ, халықаралық аренадағы өз орнын нығайтуда елеулі табыстарға қол жеткізгенін атап өтті.

«Үкіметтің, Парламент депутаттарының, облыс әкімдерінің міндеті – Елбасының ұзақ мерзімді Стратегиясын, Ұлт жоспарын және Бес институционалдық реформаны іске асыруға барлық күш-жігерін жұмсау», – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңа Мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламаны сапалы жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударып, алдыңғы бағдарламаларда кеткен кемшіліктерді ескеру керектігін тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев жоспарларды іске асыру үшін жалаң есеп емес, салмақты талдау, тиімді іс-әрекеттер қажет деп санайды.

«Мемлекет басшысы ретінде, халықтың маңызды талап-тілектерін қанағаттандыруға арналған тиімді жұмыс күтемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Ақмола облысының дамуы туралы айта келіп, өңірдің ауыл шаруашылығы, индустриялық-инновациялық саясат, машина жасау, түрлі-түсті металлургия, құрылыс және құс шаруашылығы салаларында оң өзгерістер бар екеніне тоқталды.

Мемлекет басшысы облыс экономикасындағы өнеркәсіп өндірісінің үлесі артқанына қарамастан, өңірдің республика көлеміндегі үлес салмағы 2,5%-дан аспай отырғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Масал кен орнындағы тау-кен металлургия кешенін Тау-кен металлургия өнеркәсібін дамыту жөніндегі кешенді жоспардан және Республикалық индустрияландырудың картасынан алып тастау мәселесіне назар аударды. Жоба кен өндіруден бастап болат прокатын шығаруға дейінгі технологиялық желіні құрап, 1 млн тоннаға дейін өнім өндіруді көздеген болатын. Президенттің айтуынша, бұл кешен Жарқайың және Есіл аудандарының тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп, облыс экономикасының өсуіне септігін тигізген болар еді.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, аталған жоба бойынша нақты шешімге келіп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Президент еңбек өнімділігін арттыру, оның ішінде, ауыл шаруашылығы – өңір экономикасын өркендетудің басты факторы екеніне тоқталды.

«Соңғы үш жылда Ақмола облысында суармалы жерлердің көлемі 7,5 есеге артып, 24 мың гектардан асты. Бұл – өнімділікті арттыруға тікелей әсер ететін жақсы көрсеткіш. Осындай жұмысты жалғастыра беру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздің үш ірі астық өсіретін облысында ауыл шаруашылығы бойынша еңбек өнімділігі төмен екенін, олардың үлесі $5 мыңнан $8 мыңға дейін ғана жететінін айтты.

«Ресейде бұл көрсеткіш $17 мың, ал дамыған елдерде $80-90 мыңға дейін жетеді», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрлігіне аграрлық өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін ұлғайту үшін жетекші отандық әзірлемелер енгізе отырып, нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

«Ауыл шаруашылығы жаңа технологияларды қолдану, автоматтандыру және цифрландыру арқылы дамуда тың серпін алуы тиіс. Егіс алқаптарын ұлғайту үшін ылғал және ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу жөніндегі жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажет», – деді Президент.

Мемлекет басшысы егістік алқаптарын игерумен айналыспайтын латифундистерден жерді қайтарып алу жөніндегі тапсырмасына тоқталды.

«Менің тапсырмам өте баяу орындалып жатыр. Бұдан тапсырманың орындалуын әдейі созып отыр деген ой туады. Мұндай жағдайда қолданатын шаралар симметриялы болады. Ықылассыз орындаушыларға оңай тимейді», – деп ескертті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Кеңес барысында Мемлекет басшысы туризм саласындағы шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне тоқталды. Ол бизнес жүргізуге жасалатын жеңілдік бойынша облыстың артта қалғанына, жұмыспен қамтылғандар мен шағын және орта бизнес кәсіпорындарының өнім өндірісі төмен екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «қарапайым заттар экономикасы» жобаларына кәсіпкерлерді белсенді түрде жұмылдыру керек деп есептейді.

«Мысалы, бұл бағытта өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салаларының мүмкіндіктері мол. Шағын және орта бизнестің әлеуетін елорданың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету үшін пайдаланған жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Өңірдің табиғи демалыс орындары мен мәдени мұра нысандары жайында айтқан Президент туристік әлеуеттің әлі де толық пайдаланылмай жатқанына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев  туризм саласы аймақтың жалпы өнімінің 0,5% ғана құрап отырғанын баса айтып, туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша 2025 жылы елімізде аталған көрсеткішті 8%-ға жеткізу тапсырылғанын атап өтті. 

«Үкіметке облыс әкімдігімен бірлесіп, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының үшінші кезеңі шеңберінде қолға алынған инфрақұрылымдық жобаларды аяқтауды тапсырамын. Қазақстанның Туризм картасында Зеренді демалыс аймағы да бар. Аталған аймақты экологиялық және балалар туризм саласына бейімдеуге болады»,– деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жол бойы сервисінің сапасы мен қызмет көрсету деңгейінің төмендігін сынға алып, оны тиімді дамытудың жолдарын қарастыруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бағаның көтерілуіне жол бермеуді, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарларды қымбаттатпауды ескертті. 

«Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы қымбаттап, инфляцияның алдына түсіп кетті. Кей жағдайларда екі есеге дейін жеткен. Инфляцияның жалпы деңгейі 5,3%, ал баға 9%-дан асып кетті», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың соңғы екі жылдағы тұрғын үй құрылысының қарқынына (900 мың ш.м.) оң баға беріп, жергілікті жолдар мен көше-жол жүйесінің 880 шақырымы жақсарғанын айтты. Сонымен қатар шешілмеген бірқатар инфрақұрылымдық мәселелерге, оның ішінде Сарыарқа магистральді газ құбыры бойына салынатын газ тарату желісінің құрылысына назар аударды.

«Үкіметке облыс әкімдігімен бірлесіп, 2020-2021 жылдары Аршалы және Целиноград аудандарында газ тарату желісін салуды тапсырамын», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды дамыту жөніндегі міндеттерге тоқталып, Үкіметке халықаралық қаржы институттарынан несие тарта отырып, Ақмола облысында ЖЭО салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

«Бұл шамамен 200 миллион долларды құрайды. Көп қаржы емес. Қарастырып, ұсыныс беріңіздер. Біз Көкшетау қаласында міндетті түрде ЖЭО салуымыз керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысы облыстың агломерациялық аймағының инфрақұрылымына қатысты мәселелерді тездетіп шешу жайында айтып, Қосшы ауылын мысалға келтірді. 

«Қосшы ауылындағы халықтың санына қатысты үш түрлі дерек бар: нақты есеп бойынша 52,5 мың халық тұрады; үй шаруашылығының тіркеу дәптеріндегі тұрғындар саны – 34 мың; көші-қон қызметі ресми түрде 16,5 мың адамды тіркеген. Бұл қай тұрғыдан алсаңыз да қауіпті жағдай. Жақында халық санағы болады. Тұрғындардың саны мен олардың өмір сапасы жайында нақты білуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент аймақты дамытуда кешенді басқару тәсіліне көшу қажеттігін атап өтіп, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыру басты мақсат екенін жеткізді.

«Ол үшін Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысы әкімдіктерінің арасындағы жұмыстардың өзара үйлесімділігін жандандыру керек», – деді Мемлекет басшысы.

Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне 2020 жылы Көкшетау қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық Форумын өткізуге толық дайын болу үшін бірқатар тапсырма берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу