Мемлекет басшысының әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтауды, білім беруді дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін түбегейлі шаралар қабылданады — Г. Әбдіқалықова

ҚР Үкіметінің отырысы барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова 2019 жылғы 15 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру шаралары туралы баяндады.

Әлеуметтік қамсыздандыру бойынша

Атаулы әлеуметтік көмекті көрсетуге нақты, ашық рәсімдерді бекіту және бақылауды күшейту үшін:

  • әлеуметтік келісім-шартты міндетті түрде жасау бойынша автоматтандырылған бақылау;
  • әлеуметтік карталар арқылы отбасының әл-ауқаты деңгейін бағалау;
  • өңірлерге мониторингтік топтардың шығуын ұйымдастыру;
  • бұзушылықтарды жою бойынша өңірлік комиссияларды тыңдау жүргізу.

Алаяқтық және сыбайлас жемқорлық фактілері табылған жағдайда тиісті материалдар жедел түрде құқық қорғау органдарына жіберілетін болады.

Мүгедектерді қолдау жүйесін жақсарту үшін 1 шілдеден бастап Ақтөбе қаласында пилоттық режимде Әлеуметтік қызметтер порталы енгізілді, оның шеңберінде  тамыздан бастап мұқтаж адамдар оңалтудың техникалық құралдарын жеткізушіден тікелей алатын болады. 2020 жылғы  1 қаңтардан Порталды барлық жерде енгізу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы шетел компаниялары қызметкерлерінің еңбек жағдайы мен еңбекақы мәселесіне ерекше назар аударды. Бүгінгі таңда, қызметкерлерге тең еңбек жағдайын жасау, еңбекті қорғауды басқарудың заманауи жүйесін енгізу бойынша жұмыс берушілердің міндеттері мен жауапкершілігін бекітуді көздейтін заң жобасы әзірленді.

«Қойылған тапсырмаларды жүзеге асыру үшін Шетел жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда шиеленістің алдын алу және болдырмау іс-шаралар жоспары  әзірленуде. Кейбір кәсіпорындарда тексерулер жүргізу жоспарланған. Оның қорытындысына сәйкес заңнамалық актілерді жетілдіру бойынша кешенді ұсыныстар әзірленетін болады», — деді Г. Әбдіқалықова.

Мемлекет басшысы тапсырмаларының бірі халықты жұмыспен қамту болып табылады. Осы жылы 370 мыңнан кем емес жаңа жұмыс орнын құру міндеті тұр. Әкімдіктердің есебіне сәйкес 6 айы бойынша 186 мыңнан астам орындар құрылды. Мониторингпен қамтамасыз ету үшін – Жұмыс орындарын құру картасы ақпараттық жүйесі әзірленді.

Білім беру жүйесінде

Мемлекет басшысы жыл соңына дейін «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдауды тапсырды. Қазіргі кезде оның жобасы әзірленді. Онда педагогтар үшін материалдық және материалдық емес ынталандырулар, мұғалімнің мәртебесін арттыру, педагогтардың құқықтарын қорғау бойынша кешенді шаралар қарастырылған.

Апатты және үш ауысымды мектептерді жою тағы бір мәселенің шешімін талап етуде. Бұл үшін 2020 жылдан бастап мектептерді салу мен күрделі жөндеу жүргізуді қаржыландырудың жаңа әдістемесі ұсынылады. Онда мектеп жасындағы балалардың санына байланысты жан басына шаққандағы нормативке сүйене отырып, қаражатты өңірлерге жеткізу көзделеді. Сонымен қатар мектептерді салу кезінде мемлекеттік жекешелік әріптестік тетігі қолданылатын болады.

«Қазіргі кезде ғылымды дамыту бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуде. Олар гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстарды өткізу мерзімін өзгертуге бағытталған, ұлттық ғылыми кеңестердің құрамы жаңартылып, олардың мүшелеріне қойылатын талаптар арттырылып жатыр, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізу ережесіне өзгерістер енгізілуде», — деді вице-премьер.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің жеке сектордан ғылымға, және ғылымды дамытуға инвестицияны тартуда кедергі келтіретін тосқауылдарды жою мақсатында Білім және ғылым министрлігі бюджеттен тыс дереккөздерден ғылыми зерттеулердің ортақ қаржыландыру тетігін әзірлеуі қажет.

Аталған барлық іс-шаралар Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасында көрінісін табатын болады. Енгізілетін жаңалықтарға жалпы шығыстарды ішкі өнімнен 5%-ға дейін кезең-кезеңмен жеткізу мақсатында қосымша бюджет қаражаты көзделетін болады.

Денсаулық сақтауда

Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы шеңберінде медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен арттыруға бағытталған шаралар кешені көзделген.

Медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсарту үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа Кодекс жобасында мамандықтың имиджі арттыру, әлеуметтік және қаржылық ынталандыруды енгізу көзделеді. Кодекс жобасы қыркүйекте Парламенттің қарауына енгізіледі.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін сапалы енгізу мәселесін зерделеу мақсатында тамызда өңірлердің осы жүйені енгізуге дайындығына мәртебелерді толық өзектендіру, азаматтарды емханаларға бекіту, медициналық ұйымдардың техникалық дайындығы тұрғысынан аудит жүргізілетін болады», — деді Г. Әбдіқалықова.

Қарағанды облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық аясында 1 қыркүйектен пилот жүргізу басталады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінен кейбір медициналық қызметтерді ұсыну, сақтандырылған тұлғалардың мәртебесін анықтау, қаржы құралдарын бөлек есепке алу тестіленетін болады.

2019 жылғы 1 қазанға дейін ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру, сондай-ақ медициналық қызметтерін жеткізушілерді таңдауды автоматтандыру үрдісі аяқталады.

Тұтастай алғанда, халықтың денсаулығын сақтау, тегін медициналық қызметтердің тізбесі және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі құқықтары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысы күшейтілетін болады.

«Назар аударатын мемлекет» тұжырымдамасына өту бойынша

Бүгінгі таңда ақпараттық-бұқаралық жұмыста бірқатар проблемалар бар: коммуникациялық каналдарды тиімді қолданбау; мемлекеттік органдардың өздерінің жұмыстарын формальды тәсілмен түсіндіруі; шешімдерді қабылдау үрдісіне халықты жеткіліксіз түрде тарту.  

Осыған орай, келесілерді енгізу ұсынылады:

  • мемлекеттік органдардың басшыларымен «тікелей» жедіні орнату арқылы ақпараттандыру; әлеуметтік желілерде мемлекеттік органдардың ресми аккаунттарын ашу.
  • онлайн-кеңесші арқылы кеңес беру; бірінші басшылардың виртуальды қабылдау бөлмесі; барлық мемлекеттік органдарда фронт-офистер ашу.
  • қоғамдық кеңестердің жұмысын белсендіру арқылы жұртшылықтың шешімдерді қабылдау үрдісіне тартылуы, олар мемлекет пен қоғам арасында диалогты құруға, және мемлекет органдар қызметінің қоғамдық бақылауды орнатуға бағытталған.

Бұл шаралар халықтың мемлекетке деген сенімінің деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік береді, сондай-ақ коммуникацияның тиімділігін қамтамасыз етеді.

Волонтер жылы бойынша

Мемлекет басшысы 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялады. Жылдың ішінде денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет және т.б. салаларда 7 жалпыұлттық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жергілікті деңгейде бірқатар шаралар қарастырылған: әр өңірде 10-ға дейін волонтерлік стартапты қолдау және іске асыру; волонтерлер және волонтерлік ұйымдармен жұмыс бойынша үйлестіру жұмысын ұйымдастыру.

«Жоғарыда аталған Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақытылы орындау үшін мемлекеттік органдардың басшылары толық шаралар қабылдауы қажет», — деді Г. Әбдіқалықова.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу