Әуе билеттерінің бағасы реттелмейді, әуе компаниялары динамикалық баға белгілеуді қолданады — А. Әлжанов

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Айбек Әлжанов PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында Қазақстандағы әуе билеттерінің бағасын белгілеу мәселесін түсіндіріп берді.

А. Әлжановтың айтуынша, Қазақстанның азаматтық авиация саласында жаңа ойыншылар пайда болуда, бағыттар ашылуда, әуе билеттерінің құнын төмендетуге жол ашатын бәсекелестік орнауда. Мәселен, Fly Arystan ұлттық лоукостері қолжетімді бағалармен жаңа бағыттар ашты. Жуырда ғана Нұр-Сұлтан қаласынан Павлодарға рейс ұшатыны белгілі болды, мұнда билет құны 999 теңгеден басталады.

«Негізгі цифрлар әуе компаниясында белгілі. Бұл коммерциялық құпия, бірақ сіздер 1000 теңгелік билеттің барлық орын үшін болмайтын акциялық баға екенін түсінулеріңіз керек. Бұл ұшақтағы орындардың 30-40%-ға жуығы, басқа орындарға билет құны басқаша әрі қымбатырақ болады», — деді А. Әлжанов.

Оның айтуынша, ең алдымен авиа билеттер бағалары нарығы реттелмейтінін, бұл динамикалық екенін түсіну керек. Авиакомпаниялар динамикалық баға белгілеуді пайдаланады.

«Авиа тасымалдаушы ұшу күніне, пайдаланушы тарихына көңіл бөледі. Әуе компаниялары динамикалық баға белгілеуді пайдаланады, онда осы көрсеткіштердің бәрін ескеретін математикалық модель тұр», — деді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ, ол кейбір бағыттар бойынша бағаға қатысты айтылған сындардан кейін, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі авиакомпаниялармен бірлесіп, осы мәселелерді шешу үшін жұмыс тобын құрғанын, баға құруды ішкі тексеруге құзыреттері бар ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті тартылғанын айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу