Б. Атамқұлов: еліміздің фармацевтика өнеркәсібіне салынған инвестициялар 5,2%-ға өсіп, 4,1 млрд теңгені құрады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің селекторлық отырысында еліміздің фармацевтика өнеркәсібін дамыту мәселесі қаралды. Отырыс барысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов қазіргі жағдай мен саланың одан әрі даму перспективалары туралы баяндады.

«Бүгінгі таңда алдымызда халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер тұр. Фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту – біздің Министрліктің басым бағытының бірі», — деді министр.

Оның айтуынша, отандық фармацевтика саласында қазір 96 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 33-і дәрілік заттар, 41-і медициналық бұйымдар және 22-сі медициналық техника өндіреді.

5 мыңнан астам адам фармацевтика өнеркәсібінің тұрақты қызметін қамтамасыз етеді.

Ірі өндіріс ошақтары еліміздің төрт өңірінде — Алматы мен Шымкент қалаларында, Алматы және Қарағанды облыстарында орналасқан. Олар дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндірісінің 75% қамтамасыз етеді.

Сала кәсіпорындарының тұрақты қызметінің нәтижесінде 2019 жылы өндіріс көлемі 18% өсіп, 92 млрд теңгені құрады. Экспорт 69% артып, $59 млн жетті.

Биылғы 8 айда отандық кәсіпорындар фармацевтикалық өнімдерге деген жоғары қажеттілікті қамтамасыз етіп, өндіріс 34,1% немесе 81,5 млрд теңгеге өсті. Инвестиция 5,2% артып, 4,1 млрд теңгені құрады.

Саланы әрі қарай дамыту мақсатында Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді.

Жоспар 62 іс-шара мен 8 бөлімнен тұрады.

Жоспардың іс-шаралары мүдделі министрліктермен, жергілікті атқарушы органдармен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және салалық қауымдастықтармен бірлесіп іске асырылады.

Фармацевтикалық қызметті заңнамалық реттеу аясында отандық өндірушілер мен шетелдік инвесторлар үшін фармацевтикалық өнімдердің ішкі нарығына шығуын оңайлату қарастырылған. Сондай-ақ сатып алудағы жергілікті өнім үлесін ұлғайту және сатып алу мерзімін қысқарту көзделеді. Мысалы, шет елдердің (АҚШ, ЕО, ҚХР және т. б.) тәжірибесіне қарасақ, дәрілік заттар айналысын бөлек реттеу медициналық бұйымдар айналысына қойылатын түрлі талаптарға байланысты нарыққа тез шығуын қамтамасыз етеді.

Келісімшарттық өндіріс тетігі пысықталады. Ол отандық тауар өндірушілер базасында әлемдік және отандық фармацевтикалық өндірушілердің бірлескен өндірісін жеңілдетеді.

Сондай-ақ Б. Атамқұловтың айтуынша, барлық жергілікті атқарушы органдар үшін жергілікті қамту бойынша KPI бекітілмек. Фармацевтикалық өнімдердің бағаларын тіркеу мемлекеттік қызмет көрсету форматына ауыстырылады.

Бұл іс-шаралардың барлығы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске», сондай-ақ өзге де нормативтік актілерге өзгерістер енгізу арқылы іске асырылады.

«Еуразиялық экономикалық одақ аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысы» бөлімі Одақ шеңберінде талаптарды үндестіруді, экспортты ілгерілету және отандық өнім құнын төмендету үшін Одақ стандарттарын енгізуді көздейді. Осы мақсатта дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеу және сараптау кезінде ұлттық режимнен Еуразиялық экономикалық Одақ режиміне көшу ұсынылады. Сондай-ақ шикізат пен жинақтаушы материалдар үшін кедендік баж мөлшерін төмендету көзделген», — деді Б. Атамқұлов.

 Сонымен қатар GLP стандарттарына сәйкес келетін отандық зертханаларды дамыту бойынша жеке нормативтік-құқықтық база әзірлеу көзделген.

Отандық өнімнің баға жағынан бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мемлекеттік қолдау шаралары әзірленеді. Онда дәрілердің клиникалық сынақтарын жүргізуге кететін шығынды қайтару, ел аумағында өндірілмейтін шикізатты импорттауға арналған шығынды таңбалау және субсидиялау қарастырылады.

Фармацевтикалық өнім өндірісін одан әрі ынталандыру үшін арнайы экономикалық аймақтардың аумақтары мен қызмет түрлері кеңейтіледі. 

Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар шеңберінде фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың перспективалық секторларын айқындау бойынша орта мерзімге болжам жасалып, талдау жүргізіледі.

Ел аумағында өсетін дәрілік өсімдіктерді және өсімдіктердің аурулары мен зиянкестерімен күрес үшін биофабриканы пайдаланып, препараттар өндіру ұйымдастырылды.

Бұл үшін ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемін ұлғайту, оның ішінде стратегиялық зерттеулерді тікелей қаржыландыру көзделеді.

«Big Pharma-Top 50 жетекші әлемдік фармацевтикалық өндірушілері ішінен төрт трансұлттық компанияның инвестициясын тарту көзделіп отыр. Бүгінде Pfizer (АҚШ), Boston Biopharma (АҚШ); Avantgen (АҚШ) және Servier (Франция) компанияларымен ынтымақтастық орнату жайы қарастырылуда. Сыртқы істер министрлігі әлемдік фармацевтикалық өндірушілерді тарту үшін инвестициялық ұсыныстар әзірлейді. Deloitte әлемдік консалтингтік компаниясымен бірге бұл жұмыс басталып та кетті», — деді Б. Атамқұлов. 

Саланы кадрлық қамтамасыз ету үшін фармацевтикалық өнім өндірушілердің қажеттіліктерін ескеріп, еліміздің жоғары оқу орындарында мемлекеттік білім беру тапсырысымен мамандар даярланбақ. 

Дәрілік заттар айналысы саласындағы кәсіби стандарттар жаңартылып, ұлттық біліктілік шеңберімен үйлестіріледі.

«Өнім сапасын арттыру және көлеңкелі экономиканы азайту үшін дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалау бойынша пилоттық жоба енгізіледі. Сондай-ақ міндетті таңбалауға жататын тауарлар тізбесі кеңейтіледі. Дәрілік заттарды таңбалау және оның балама тәсілдерін енгізу кезеңдері айқындалады», — деді Б. Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, алдағы 5 жылда Кешенді жоспардың барлық іс-шараларын іске асыру арқылы мынадай нәтижелерге қол жеткізе аламыз:

Біріншіден — құны $180 млн құрайтын кемінде 30 жаңа өндірісті іске қосып, 2 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын ашу. 

Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жоспарына сәйкес және жаңа өндірістерді іске қосу арқылы дәрілік заттардың 297 жаңа түрін және медициналық бұйымдардың 2348 түрін шығару жоспарланған.

Екіншіден — фармацевтика саласының өндіріс көлемі 2,5 есеге артып, 92 млрд-тан 230 млрд теңгеге дейін жетеді. 

Үшіншіден — дәрілік заттар экспорты көлемін 3 есеге ұлғайтып, $58 млн-нан $174 млн дейін жеткізу.

Оған қоса, 2021 жылдың бірінші тоқсанына қарай отандық кәсіпорындардың бір реттік бетперделер бойынша өндірістік қуаты тәулігіне 2 есеге ұлғайып, 1 млн-нан 2 млн данаға дейін, қорғаныс костюмдері бойынша 2 есеге артып, айына 500 мыңнан 1 млн данаға жетеді. Сондай-ақ жыл соңына қарай қолғаптар бойынша өндіріс көлемі тәулігіне 330 мыңнан 530 мыңға дейін ұлғайтылады. 

«Осы көзделген міндеттерді орындау арқылы ішкі нарықтағы ең қажетті деген дәрілер бойынша отандық өндірушілердің өнімдерінің үлесін қазіргі 39%-дан 50%-ға жеткіземіз. Бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сай келетінін айта кету керек», — деп түйіндеді Б. Атамқұлов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу