Алматыда медициналық көмек көрсету тәсілдерін өзгерту төсек-орын қорының жүктемесін азайтты — К. Надыров

Алматы қаласында жедел медициналық жәрдем мен емханалардың, стационарлардың жұмысынан бастап барлық бағыттар бойынша тәсілдер өзгертілді. Қаладағы стационарлар пациенттердің жағдайының ауырлығына қарай бөлінген. Бұл туралы PrimeМinister.kz-ке берген сұхбатында Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров айтып берді.    

Қалада жедел медициналық жәрдемнен, емханалар мен стационарлардың жұмысынан бастап медициналық көмекті ұйымдастыру бойынша жүйелі жұмыс құрылған. Егер бұған дейін клиникалар провизорлық және инфекциялық стационарларға бөлінген болса, бүгінде олар пациенттердің жағдайының ауырлық дәрежесіне қарай бөлінеді.

«Біз оларды үш санатқа бөлдік. Бірінші санаттағы клиникалары — ең жақсы материалдық-техникалық базасы бар клиникалар, онда аса дамыған реанимация қызметі, қажетті мамандар жиынтығы бар. Екінші санаттағы клиникаларда мамандар да бар, бірақ реанимациялық төсек-орын саны аз. Үшінші санаттағы клиникаларға біз ауруының ауырлық дәрежесі салыстырмалы түрде жеңіл және орташа пациенттерді жатқызамыз. Мұндай ағындар бойынша бөлу бізге пациенттердің маршрутын жүйелі түрде құруға мүмкіндік берді», — деді К. Надыров.

Оның айтуынша, бүгінде қалада төсек-орын саны мен сауығып шыққан пациенттер санының артқаны байқалады.  

«Егер бұрын бізде төсек-орындардың бос болмауы аурулар ең көбейген сәтте 90%-ға жеткен болса, қазір бұл көрсеткіш 50%-дан аз. Әрбір екінші төсек-орын бүгінде бос, бірақ осыған қарамастан, біз төсек-орын қорын ұлғайтуды жалғастырып жатырмыз», — деді Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы. 

Сондай-ақ БМСК деңгейінде медициналық көмек көрсету тәсілдері өзгерді, тек КВИ-мен ауырған пациенттермен ғана жұмыс істейтін арнайы мобильді бригадалар құрылды. 

«Бүгінгі таңда 72 мобильді бригада бар, дәрігерлер мен орташа медициналық қызметкерлер саны 400 адамға жетті. Бұрын 200 адам болған. Мобильді бригадалардың міндеті — пациенттерді БМСК деңгейінде барынша ұстау, яғни асқынулардың дамуына және келесі деңгейге — стационарлық деңгейде жеткізбеу», — деді ол.

Сонымен қатар, қалада жедел жәрдем жұмысының тәсілдері өзгерді. Бүгінгі күні жедел жәрдем пациенттерге келгенде, олардың әзірленген чек-парағы болады, сол бойынша пациенттің ағымдағы жағдайын объективті бағалауға болады. Аурудың ауырлық дәрежесіне байланысты жедел жәрдем науқасты қандай ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдайды. 

Айта кету керек, COVID-19-пен күреске тартылған медициналық ұйымдардың саны артып келеді. Бүгінгі күні қалада шамамен 6 мың төсек-орын бар, онда 4 440 медициналық қызметкер жұмыс істейді.

«Біз сонымен қатар медицина кадрларын жұмылдыру мәселесін қарастырудамыз, өйткені біздің алдымызда төсек-орын санын кем дегенде 7 700-ге дейін жеткізу міндеті тұр. Бүгінде біз 1 500-ге жуық дәрігерді қабылдадық. Олармен үлкен дайындық жұмыстары жүргізілуде. Олар инфекциялық қауіпсіздік, пациенттерді емдеуді жүргізу және т. б. мәселелер бойынша оқытылып жатыр. Бұл тұрғыда бізде осындай мамандарды дайындайтын арнайы оқу-клиникалық орталық құрылды», — деді ол.

Сонымен қатар, қала басшылығы төсек-орын санын арттыру үшін барлық нұсқаларды пысықтауда. Қаладағы «Halyk Arena» мұзайдын сарайының базасында госпиталь ашылды, онда 1000 төсек-орын орналасқан. Сондай-ақ, сол жерге медициналық газдар, оттегі жеткізіп, толыққанды реанимациялық бөлім ашу жоспарда бар. 

«Медициналық мекемелерден басқа, біз басқа да нысандарды зерделедік, атап айтқанда, бастапқыда психоневрологиялық ауруларды емдеу орталығы ретінде салынып жатқан әлеуметтік нысандардың біріне тоқталдық. Біз барлық инфрақұрылымды зерттеп, оны медициналық нысан ретінде қайта бейіндеу үшін өте қолайлы екенін түсіндік. Бүгінде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл 500 төсек-орындық толыққанды стационар болады, оны қыркүйек айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Онда инфекциялық қауіпсіздіктің барлық талаптары сақталатын болады», — деп түйіндеді К. Надыров.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу