2020 жылы нақты сектор ҚР ұлттық экономикасы тұрақтылығының негізгі факторына айналды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды.

Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев, қаржы министрі Е. Жамаубаев, өнеркәсіп пен энергетика секторындағы ахуал туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов және энергетика министрі Н. Ноғаев, агроөнеркәсіптік кешендегі жағдай туралы ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров баяндады.

2020 жылы өңдеу өнеркәсібін, құрылысты, ауыл шаруашылығын қоса алғанда, нақты сектордағы өсім Қазақстанның ұлттық экономикасы тұрақтылығының негізгі факторына айналды. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде 3,9%-ға, оның ішінде металлургия өндірісінде 2,6%-ға, азық-түлік өнімдері өндірісінде 4%-ға, фармацевтикада 47%-ға, машина жасауда 16,3%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда 52,5%-ға, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіпте 15%-ға өсім қамтамасыз етілді.

Құрылыс көлемі 11,2%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 16,8%-ға немесе шамамен 15,3 млн шаршы метрге ұлғайды. Ауыл шаруашылығында 5,6%-ға тұрақты өсім қамтамасыз етілді.

ОПЕК+ қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау қажеттілігі аясында тау-кен өндірісі саласында шектеулі динамика байқалады. Сала бойынша НКИ 12 айдың қорытындысы бойынша -3,7%-ды құрады.

ҚР алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қордың активтері 2020 жылғы 31 желтоқсанда $94,4 млрд құрап, бір жыл ішінде $3,6 млрд-қа ұлғайды.

Экономиканың тұрақтылығы жұмыссыздық деңгейін 5%-ға дейінгі диапазонда ұстап тұруға және халықтың нақты кірістерінің айтарлықтай төмендеуіне жол бермеуге мүмкіндік берді.

Үкіметтің қазіргі дағдарыс жағдайында экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларының тиімділігін алдыңғы қатарлы халықаралық қаржы институттары, рейтингтік агенттіктер мен консалтингтік компаниялар бірнеше рет атап өтті.

Эпидемиологиялық ахуал бақылауға алынған, дегенмен кейбір өңірлерде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белгілі бір шектеулер сақталған.

Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы аясында қызмет көрсету секторында біртіндеп қызмет қалпына келтіріліп жатыр. Желтоқсан айында қарашамен салыстырғанда қызмет сауда (+1,4%) және байланыс (+0,2%) салаларында одан әрі қалпына келтірілді.

Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары негізгі 7 көрсеткіштің 5-і бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. 4 көрсеткіш бойынша Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар облыстары мен Алматы қаласында оң динамикаға қол жеткізілді.

«2020 жыл сын-тегеуріндерге толы жыл болды. Уақытылы қабылданған шаралардың арқасында біз оларды еңсере алдық. Еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі қамтамасыз ету және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасын тиімді іске асыру қажет», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттер егжей-тегжейлі қаралатынын мәлімдеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу