2020 жылғы І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,8%-ға өсті — ҚР ИИДМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Мемлекет басшысының 2020 жылғы 10 шілдедегі кеңейтілген отырыста берген тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады.

Б. Атамқұловтың мәліметінше, 2020 жылғы І жартыжылдық қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,8%-ға өскен.

«Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша барлық жоспарлы көрсеткішке қол жеткізу керек. Өңдеу өнеркәсібі салаларында біз 1,7 трлн теңге сомасына 65-тен аса жоба іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл 2025 жылға қарай саладағы импортты 20%-ға қысқартуға мүмкіндік береді», — деді министр.

«Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары бойынша жалпы құны 3,7 млрд теңгені құрайтын 6 202 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда, ондағы қазақстандық қамту үлесі 90%.

Сонымен қатар құрылыс материалдарын шығару бойынша 33 жоба іске асырылуда, осының есебінен импорт үлесін 15%-ға азайту және тұрғын үй құрылысында 90%-ға дейін отандық құрылыс матералдарын пайдалану жоспарлануда.

Министрлік құрылыс саласында қазақстандық қамту үлесін ұлғайту бойынша нақты шаралар қабылдауда:

Бірінші. Бюджеттік қаражат есебінен қаржыландырылатын жобаларда отандық материалдарды міндетті түрде қолдану бойынша құқықтық база құрылды.

Екінші. Сараптамадан өткен барлық жобаның жиынтық ресурстық ведомостары енгізілген Портал әзірленді.

Үшінші. Мемлекеттік сатып алуды іске асыру ережесінде отандық тауар өндірушілер тізіліміне сәйкес материалдарды сатып алуға міндеттейтін құрылыс саласындағы үлгі шарттарына толықтырулар енгізілді.

Төртінші. Отандық тауар өндірушілердің талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілікті күшейту бойынша құқықтық шаралар пысықталуда.

Өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың және инвестицияларды тартудың тағы бір құралы арнайы экономикалық аймақ саналады.

Елімізде 13 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Инфрақұрылым тек 6 арнайы экономикалық аймақта толық аяқталды. Арнайы экономикалық аймақ аумағын игеру 44%-ды құрайды. Арнайы экономикалық аймақта 169 жоба іске қосылды. 23,6 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Бюджетке салық түрінде 180 млрд теңге қайтарылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес арнайы экономикалық аймақ тиімділігін арттыру үшін біз қазіргі уақытта заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізудеміз, даму стратегиясын қайта қарастырып, арнайы экономикалық аймақ шекараларын кеңейтіп, жаңа қызмет түрлерін қосып жатырмыз», — деді Б. Атамқұлов.

Бүгінгі таңда жалпы сомасы 4,2 трлн теңгеге 156 жоба іске асырылуда, қосымша 8,2 мың тұрақты жұмыс орнын құру көзделген.

«Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы министрліктің ерекше бақылауында және уақтылы орындалады», — деп түйіндеді Б. Атамқұлов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу