«Сәтті Жұлдыз» АҚ лотерея операторының қызметі туралы депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Б. Әйтімованың «Сәтті Жұлдыз» АҚ лотерея операторының қызметі туралы 2019 жылғы 26 маусымдағы сауалына жауап.
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

«Лотереялар және лотерея қызметі туралы» қолданыстағы Заң (бұдан әрі ‒ Заң) Қазақстан Республикасында лотерея және лотерея қызметі саласында қоғамдық қатынастарды реттейді, лотереяларды өткізудің тәртібін және шарттарын айқындайды, сондай-ақ лотерея және лотерея қызметі саласында мемлекеттік реттеудің ұйымдастырушылық негіздерін орнатады. 

Заңға сәйкес еліміздің аумағында жүлде қоры сату сомасының кемінде елу пайызын құрайтын тираждық және жедел лотереяларды өткізуге ғана рұқсат етілген.

2017 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі «Сәтті Жұлдыз» АҚ (бұдан әрі ‒ Қоғам) Дүниежүзілік және Еуропалық лотереялық қауымдастықтардың тұрақты мүшесі болып табылатын лотереяның операторы етіп анықтады. Аталған қауымдастықтар мүшелерінің қызметі әлеуметтік жауапкершілікке және лотерея ойындарының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына бағытталған, бұл ұтыстардың ашықтығы мен кездейсоқтығының кепілі болып табылады. 

Заңның талаптарына сәйкес тираждық лотереяның жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу кезінде оператор тираждық комиссия құрады және телеарналарда немесе интернет желісінде ұтыстарды айқындау рәсімін тікелей эфирде көрсете отырып жүлде қоры ұтыс ойынының көрсетілімін қамтамасыз етеді. 

Анықтама: Кепо тираждық лотереясы бойынша 7-арнада тираждық лотереялардың күнделікті көрсетілімі, әр сәрсенбі сайын 6/49 тираждық лотереясы бойынша, әр сенбі сайын TeleBingo тираждық лотереясы бойынша. 

Таратылған лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар, тіркелген лотерея мөлшерлемелері туралы, өткізілген лотерея билеттерінен, түбіртектерден немесе өзге де құжаттардан түскен түсім, төленген ұтыстар туралы ақпарат байланыс желілеріне қосылған аппараттық-бағдарламалық кешен арқылы Заңның 8-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінде (бұдан әрі ‒ Министрлік) орналасқан Лотерея есептілігінің орталығына келіп түседі.

Бұдан басқа, Заңның 14-бабына сәйкес лотерея операторы өткізілген лотерея билеттерінен, түбіртектерден немесе өзге де құжаттардан, тіркелген лотерея мөлшерлемелерінен түскен түсім мен жүлде қоры арасындағы айырманың кемінде он пайызын спортты дамытуға тоқсан сайын бағыттауға міндетті. 

Министрлік Қоғаммен және «Туризм және спорт индустриясы қоры» корпоративтік қорымен (бұдан әрі ‒ Қор), соның ішінде спортты дамытуға аударымдарды жасаудың тәртібін көздейтін, спортты дамыту саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

2018 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша Министрліктің ақпаратына сәйкес Қорға Қоғам аударған қаражаттың көлемі 40,0 млн теңге құрады. Сонымен қатар, 2018 жылғы маусымда Министрлік Қорды Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетіне (бұдан әрі ‒ ҰОК) алмастыру туралы шешім қабылдады. Ағымдағы жылғы шілдедегі жағдай бойынша Қоғам ҰОК-қа 128 млн. теңге аударды. 

Жоғарыда айтылғанның негізінде Министрлік лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуші ретінде «Сәтті Жұлдыз» АҚ лотерея операторының қызметіне бақылау жүргізеді. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу