Дәрілік шөптер мен емдік өсімдіктерді шет елге шығарудың заңсыз айналымына қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Л. Сүлейменнің, Д. Нөкетаеваның 2020 жылғы 12 наурыздағы 16-13-75 дәрілік шөптер мен емдік өсімдіктерді шет елге шығарудың заңсыз айналымына қатысты депутаттық сауалға жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2020 жылғы 12 наурыздағы отырысында Л. Сүлеймен жария еткен дәрілік шөптер мен емдік өсімдіктерді шет елге шығарудың заңсыз айналымына қатысты Сенат депутаттарының сауалын қарап, келесіні хабарлаймын.

Өсімдік (өсімдіктер дүниесі) іс жүзінде бүкіл экожүйенің өзгеше табиғи қаңқасы болып табылады, бүкіл экожүйенің өз тіршілігін сақтауы, адамның және жануарлар дүниесінің барлық түрлері үшін тіршілік ету жағдайлары мен ортасының қалыптасуы осыған байланысты қамтамасыз етіледі.

Осыған байланысты, «Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасының арнайы Заңын дайындау және қабылдау қажеттігіне орай Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы тұжырымдамасының жобасын әзірлеп, 2018 жылғы 12 қазандағы ведомствоаралық комиссия заң жобалау қызметі жөніндегі 464-отырысының хаттамасымен мақұлданды (қоса беріледі).

Қазіргі уақытта, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы № 1033 қаулысымен бекітілген Заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспарының 16-тармағына сәйкес «Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының (бұдан әрі – Заң жобасы) 17-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (бұдан әрі – ілеспе Заң жобасы) әзірленіп мүдделі мемлекеттік органдарға қарастыру үшін жіберілді.

«Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында өсімдіктер дүниесі саласындағы мынадай нормалар қарастырылған:

1) қатынастардың, жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік органдардың құзыреті;

2) қорғау және күзету жөніндегі қызметке қойылатын негізгі талаптар;

3) жекелеген объектілер және олардың өсу ортасын күзету мен қорғаудың ерекшеліктері;

4) сирек кездесетін, құрып кету қаупі төнген, ежелгі және эндемикалық түрлерін қорғау;

5) объектілерді интродукциялау, жерсіндіру және будандастыру, өсімдіктердің бөтентекті түрлерінің таралуын реттеу;

6) ғылыми зерттеулер;

7) объектілермен жұмыс істеу саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;

8) объектілермен халықаралық алмасу және сауда жасау;

9) объектілермен жұмыс істеу саласындағы экономикалық тетік;

10) өсімдіктер дүниесінің объектілерімен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;

11) объектілермен жұмыс істеу саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыру;

12) объектілермен жұмыс істеу саласындағы дауларды шешу және заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік.

Осыған байланысты, сауалда қарастырылған кейбір мәселелер жұмыс тобының отырысында депутаттардың, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдерінің қатысуымен қосымша қарастырылатынын атап өтеміз.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу