Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар «Құрық-Жетібай» автомобиль жолын күрделі жөндеуді қаржыландыруға қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Б. Шелпеков пен М. Бортниктің Маңғыстау облысындағы «Құрық-Жетібай» автомобиль жолын күрделі жөндеу жобасын қаржыландыруға қатысты 2020 жылғы 7 ақпандағы №ДЗ-34 депутаттық сауалдарына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Құрметті Бақтыбай Ақбердіұлы, Михаил Михайлович!

Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар «Құрық-Жетібай» автомобиль жолын күрделі жөндеу жобасын қаржыландыруға қатысты Сіздердің депутаттық сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлаймын.

2018 жылы жалпы құны 11,1 млрд. теңгені құрайтын аталған автомобиль жолын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленген болатын.

Алайда еліміздің барлық өңірлерінде автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша толыққанды жұмыстар жүргізіліп жатқанын ескере отырып, бюджеттік қаражаттың шектеулілігіне байланысты бір уақытта барлық жобаларды іске асыру мүмкін болмады.

Бұл ретте осы автожолдың транзиттің дамуына және жергілікті тұрғындардың қатынауына маңызы зор екендігін ескере отырып, осы жобаның іске асырылуын бастауға қаражат бөлу мәселесі ағымдағы жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде белгіленген тәртіппен қаралатын болады.

Күрделі жөндеу жүргізілгенге дейін, осы автожолдың техникалық жай-күйі автожолдарды күтіп-ұстау шеңберінде орындалатын жол-жөндеу жұмыстарының есебінен сақталатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу