Ақпараттық саладағы заңнаманы дамытуға қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары М. Айсина, З. Аманжолова, И. Аронова, М. Ерманның Ұлттық ақпараттық кеңістіктің үйлесімді дамуын қамтамасыз ету шаралары кешенін іске асыруға қатысты 2020 жылғы 5 ақпандағы №ДЗ-28 депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Құрметті депутаттар!

Ұлттық ақпараттық кеңістіктің үйлесімді дамуын қамтамасыз ету және ақпараттық ортада балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі шаралар кешенін іске асыру жөніндегі сіздің сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймыз.

Бүгінгі күні елімізде ақпараттық саладағы заңнаманы дамытуға, интернет желісі мониторингінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды қауіпсіз пайдалану мәселелерінде ата-аналар мен балалардың ақпараттық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар қабылдануда.

2018 жылғы шілдеден бастап «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) қолдануда, ол қоғамның, ең алдымен, ата-аналардың, педагогтердің, психологтардың, балалық шақ, тәрбиелеу және әлеуметтендіру саласындағы басқа да мамандардың Қазақстанда балалардың ақпараттық қауіпсіздігін заңнамалық қамтамасыз етуге аса әлеуметтік қажеттілігіне жауап болды.

Заңды қабылдау жастардың ақпараттық қауіпсіздігі проблемасын қайта пайымдауға және медиа-саланың балаларды тәрбиелеуге кері әсерінің алдын алу жөніндегі жұмысты жандандыруға, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар әкелетін әлеуметтік тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік берді.

Білім беру ұйымдары мен байланыс операторлары үшін тек «іріктелген», қауіпсіз интернет қызметтерін ұсыну жөніндегі талаптарды заңнамалық бекіту жолымен балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға бағытталған нормалар енгізілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте білім беру ұйымдарының аталған талапты сақтамағаны үшін жауапкершілігі көзделген (ҚР ӘҚБтК 156-1 бабы).

Мәселен, тиісті мемлекеттік органдар 2019 жылы интернет-кеңістікте бала құқықтарының бұзылуына байланысты 6,4 мыңнан астам жағдайды анықтады.

Анықтама. Порнографияны тарату - 3779; есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын насихаттау - 1851; жасына қарай таңбалау бөлігінде заң нормаларын бұзу – 506; суицидті насихаттау - 133; қатыгездік пен зорлық - зомбылықты насихаттау - 125; баланың денсаулығына, адамгершілік және рухани дамуына зиян келтіретін ақпаратты орналастыру – 43; кәмелетке толмағанның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін ақпаратты, дербес немесе биометриялық деректерді тарату-19.

Хабарлама жұмысының нәтижелері бойынша интернет-ресурстар әкімшіліктері бала құқықтарының бұзылуына байланысты 1,5 мыңнан астам материалды алып тастады («В Контакте» - 1491, «Instagram» - 17 «Facebook» - 4).

Әлеуметтік желіде немесе интернет-ресурста құқыққа қарсы контентті тарататын топты тапқан интернет желісін пайдаланушыларға күмәнді болып табылатын қандай да бір материалға шағым беру мүмкіндігі жасалған.

Келіп түскен барлық шағымдар бойынша жедел түрде орналастырылған материалдар құқықтық бағаланады және материалды оқшаулау немесе жою бойынша шаралар қабылданады.

Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда және Үкіметтің тұрақты бақылауында. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмыс туралы депутаттық корпусты хабардар ету тапсырылды.

Қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу