Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы «07» сәуірдегі № 190 қаулысы

«Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы              21 қаңтардағы № 148 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 29, 388-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:                                    

1) көрсетілген қаулымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

2) көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларында:

4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Көшіп келушілердің паспорттарын тіркеу «Бүркіт» бірыңғай ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – «Бүркіт» БАЖ) жүргізіледі.

Тіркеуді ресімдеу көшіп келушіні уақытша тіркеу туралы анықтамамен немесе визалық-көші-қон порталынан қағаз тасымалдағыштағы мәтіндік файлмен немесе көші-қон карточкасына белгі қоюмен расталады, оны:

  1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен бірлесіп бекіткен Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларды ресімдеу және келісу, Қазақстан Республикасының визаларын беру, күшін жою, қалпына келтіру, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімдерін ұзарту және қысқарту тәртібімен айқындалатын экономикасы дамыған және саяси тұрақты елдердің және осы қаулымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуі қағидаларының 17-тармағында көрсетілген елдердің азаматтарына Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі;
  2. көшіп келушілердің уақытша тұратын жері бойынша, оның ішінде «Бүркіт» БАЖ арқылы қабылдаушы адамдардан оларда болатын көшіп келушілер туралы ақпарат алу арқылы ішкі істер органдары қояды.

Көшіп келушіні қабылдайтын жеке және заңды тұлғалар vmp.gov.kz немесе e.gov.kz веб-сайттары арқылы дербес цифрлық электрондық қолтаңба арқылы «Бүркіт» БАЖ визалық-көші-қон порталына ақпарат енгізеді және паспортқа көшіп келушіні тіркеу туралы жапсырма қағазды қағаз тасымалдағышта басып шығарады.»;

8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«8. Қазақстан Республикасынан шығарып жіберу туралы сот шешімдерін орындау «Бүркіт» БАЖ-ды пайдалана отырып, Қазақстан Республикасынан шығарылатын адамның бақыланатын дербес шығуы арқылы жүргізіледі.

Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды соттың шешімі бойынша мәжбүрлі тәртіппен шығару көрсетілген адам аумағына шығарылатын шет мемлекеттің билік өкіліне оларды ресми беру жолымен жүргізіледі.»;  

13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«13. Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарылған көшіп келушілерге «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабына сәйкес шығарып жіберу туралы сот шешімі шығарылған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.

Соттың көрсетілген шешімдері негізінде олар заңды күшіне енгеннен кейін бастамашы орган «Бүркіт» БАЖ-ға бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынған адамдар туралы ақпарат енгізеді.».

2. «Көші-қон карточкасын беру қағидаларын бекіту және «Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы № 133 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 жыл, № 9, 87-құжат) күші жойылды деп танылсын.

3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі                     К. Мәсімов

Қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу