11 Мамыр 2020, 17:41
«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 30, 297-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын;
көрсетілген қаулымен бекітілген «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарында:
1-тармақта:
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«4) шет тілін білу деңгейін айқындау үшін қорытынды бақылау тестілеуді қоса алғанда, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімі бойынша олардан өту қажет болған жағдайда тілдік курстар;»;
6) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 16) тармақшамен толықтырылсын:
«16) шетелдік жоғары оқу орындарының академиялық күнтізбесіне сәйкес Аустралияда, Жаңа Зеландияда және Солтүстік Америка елдерінде магистратура бағдарламасы бойынша оқитын стипендиаттарға академиялық оқу орнынан Қазақстан Республикасында тұратын жеріне дейін (ұзақтығы 2 (екі) ай және одан көп каникул кезеңінде) және кері жол жүру.»;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі шет елдердің тиісті мемлекеттік органдары, шетелдік жоғары оқу орындары, тілдік мектептер, шетелдік ұйымдар, шетелдік серіктестер және/немесе статистикалық, рейтингтік және өзге де тиісті ұйымдар ұсынған құжаттардың және/немесе өзге де ақпараттың негізінде тамақтану, тұру, оқу әдебиеттерін сатып алу шығыстарының нормаларын әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ конкурс жеңімпазының Қазақстан Республикасында тұратын жерінен академиялық оқу, тілдік курстардан, тағылымдамадан, магистратура алдындағы дайындықтан өту орнына дейін жол жүру көлігінің түрі мен класын айқындайды. Осы «Болашақ» халықаралық стипендиясының жұмсау бағыттарының 1-тармағында көзделген өзге де шығыстар қызмет көрсетуші ұйымдар беретін растау құжаттарының негізінде төленеді.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі А. Мамин
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу